Қазақстанда сарапшылар, заңгерлер, биологтар мен жануарларды қорғаушылар тобы мәжілісте талқыланып жатқан заң жобасын қатаң айыптады. Әңгіме «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңына енгізілмек болған өзгерістер жайында болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атына үндеу жариялаған – Мемлекеттік саясат мектебінің ғылыми қызметкері, ҚР Президенті Әкімшілігінің бұрынғы бөлім басшысының орынбасары Олжас Жораев.
Сарапшылардың айтуынша, ұсынылып отырған шаралар мәселенің түп-төркінін шешпейді. Яғни, бақылаусыз көбею мен жануарларды көшеге тастау, стерилизацияланбаған үйсіз ит-мысықтардың популяциясы және иелерінің жауапкершілігін реттейтін тетіктің жоқтығы назардан тыс қалған. Бұған қоса, Мәжіліс депутаттары түбірімен күресудің орнына салдарымен күресуді – жаппай эвтаназияны ұсынып отыр. Бұл – халықаралық ветеринарлық және эпидемиологиялық стандарттарға қайшы тәсіл.
Үндеуде айтылғандай, заң жобасы негізінен шындықпен үйлеспейтін статистикаға сүйенген. Тәуелсіз сарапшылардың – заңгерлер, ғалымдар мен салалық ұйым өкілдерінің пікірлері мүлде ескерілмеген. Мәжілісте бұл тақырыпқа қатысты орнықты пікірталас өткізудің орнына қоғамда мазаққа айналған сөздер айтылды. Мысалы, «барлығы көбейгісі келеді» деген секілді мәлімдемелер жасалған.
БАЛАМА ҰСЫНЫС БАР
Сарапшылар даулы заң жобасының орнына баламалы түзетулер ұсынды.
Халықаралық үздік тәжірибе негізінде әзірленген бұл баламалы түзетулер жануарлар санын гуманистік әдіспен реттеуді, бюджеттік шығындарды азайтуды және ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Бұдан бөлек, бұл заң жобасы қолданыстағы Заңды жетілдіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жануарларды есепке алу және стерилизациялау, ОСВВ бағдарламасын енгізу, көбею мен жануарлар айналымын шектеу, қаңғыбас жануарларға иесінің қараусыз жіберуіне қатысты әкімшілік жауапкершілікті күшейту тетіктері қарастырылған.
Үндеу авторлары Сенатты осы заң жобасын қайта қарауға және Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сай келетін, ғылыми негізделген және гуманистік баламаға қолдау көрсетуге шақырды.