Сенатта шенеунік шекарадағы ауылдарда телехабар тарату жайлы сұраққа берген жауабы үшін сын естіді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сенат отырысында сенатор Ольга Булавкина Ресеймен шекаралас кейбір ауылдардың қазақстандық телеарналарды көре алмайтынын айтты. Оның сөзінше, тұрғындар негізінен Ресей арналарын тамашалап, «көрші елдің идеологиясын сіңіріп отыр».
Алайда бұл мәлімдемеге түсініктеме бермес бұрын цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Олжас Қабенов бұл мәселе олардың құзыретіне жатпайтынын жеткізді.
Телерадио хабар тарату мәселелері – мәдениет және ақпарат министрлігінің құзырында, – деді Кабенов.
СЕНАТОРДЫҢ СЫНЫ
Олжас Қабеновтің бұл жауабы сенатор Әли Бектаевтың ашуын туғызды. Ол министрлік өкілдерін патриоттық ұстанымға шақырып, жауапкершіліктен жалтармауға үндеді.
Сіздер – жастарсыздар, «бұл біздің құзыретімізге кірмейді» деп айтуға болмайды. Қазақстанда бір ғана үкімет бар. Екі министрлік те сол үкіметке қарайды. Аз да болса, жүректе патриотизм болу керек. Егер шекара аймақтарында қазақстандық телеарна болмай, оның орнына ресейлік телеарналар таратылса, бұл мәселені үкімет деңгейінде көтерулеріңіз керек. Көптеген вице-министрлер бізге келгенде, сұрақ қойсаң, бірден қолын көтеріп, «бұл менің функциям емес, пәлен министрліктің шаруасы» дейді. Біз оларға үнемі айтып отырамыз: Үкімет – бір. Барлық операторлар осы бағытта жұмыс істеуі тиіс. Ал Үкімет пен министрліктер бұл мәселені реттеп беруі керек, – деді Бектаев.
Сенатор бұған қоса вице-министрлердің жауапкершілікті басқа ведомстволарға ысырып, нақты жауап беруден жалтаратынын сынға алды.
33 жыл бұрын Тәуелсіз ел болдық. Бұл – ұят жағдай. Бізде аз да болса отансүйгіштік, жауапкершілік сезімі болу керек. Ұят болу керек қой. Премьер-министрге нақты әрі ұғынықты мәтін дайындау қажет, – деді сенатор.
Бұған дейін Ulysmedia.kz еліміздегі ресейлік телеарналардың таралуына қатысты материал жариялаған болатын.