Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдады

Ulysmedia

Тұңғыш президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Скриншот

«Ардақты ағайын! 2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды. Баршаңызға мәлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті. Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Лаңкестер елдігіміз бенен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ. Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз», - деді ол.

Елбасының айтуынша, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік жылдары ішінде атқарған ісіміз аз емес.

«Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді. Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияжа көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындырмайтынына біз сенеміз», - деді ол.