Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Талдыкөлдің суын сорып алуға қатысты журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Журналистер министрден Кіші Талдыкөл суын заңсыз сорды деген SAT-NS компаниясына қатысты қандай шара қолданылғаны туралы сұрады.
– Желіде видео тараған соң біз сол жерге бардық. Бірақ сорғыны таппадық. Бұған қоса, біз су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылымдық бөліміне жүгіндік. Келесі күні Астана қаласының экология департаменті мен министрліктің егіс инспекциясы тексеру жүргізді. Олар да насос фактісін анықтамады. Бассейндер инспекциясы жоспардан тыс тексеру ашты, – деді Ерлан Нысанбаев.
Нысанбаевтан Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының ағалары, SAT-NS компаниясының басшылары жауапқа тартыла ма деген деген де сауал қойылды.
– Біз барған кезде оқиға орнында болмаса қандай факты бойынша жауапқа тартамыз. Былайша айтқанда, қолынан ұстап алған жоқпыз. Осыдан кейін болашақта Талдықөлден су алуға жол бермеу мақсатында бассейндік инспекция бұл мәселені бақылауға алды, – дейді министр.
Бұған дейін БАҚ-та SAT-NS компаниясына тиесілі жасанды сорғылар Талдыкөлден су сорып жатқаны туралы ақпарат тараған. Компания Алматы қаласының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды ағаларына тиесілі.