Қазақстанда рақымшылыққа екі саяси тұтқын ілігуі мүмкін – құқық қорғаушы

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қазақстан билігі жариялаған рақымшылық туралы заңды зерттеп, оған елдегі 30 «саяси тұтқынның» тек екеуі ғана ілігуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

Төреғожинаның сөзінше, 2024 жылы мамырда «есірткі сақтады» деп 4,5 жылға сотталған көкшетаулық белсенді Мәлік Ахметқалиев пен дәл осындай айыппен істі болып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған астаналық белсенді Айдар Сыздықов рақымшылық заңына ілігуі мүмкін.

Құқық қорғаушылар белсенділерді «саяси тұтқындар» қатарына қосқан. Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды. Саяси тұтқын барын жоққа шығарады.

23 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай сотталғандарға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған. Ресми мәлімет бойынша, рақымшылыққа 15 мың сотталушы ілігеді. 662 адам түрмеден шығады. 3,5 мың пробациялық бақылауда жүрген адам жазадан босатылады. 11 мың адамның жаза мерзімі қысқарады.

833 әйел рақымшылыққа ілігіп, оның 109-ы босатылады, 724-інің жазасы қысқартылады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында 9 рет рақымшылық жарияланған. Соңғысы 2021 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына жарияланып, 1 мыңға жуық адам босатылған. 2022 жылы Қаңтар оқиғасына қатысты істі болған адамдарға қатысты рақымшылық жүргізілген.