Теңгемен берілмейтін кешбэк: Ұлттық банк қосымша тексеру жүргізеді

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Қазақстанда банктердің клиенттерге кешбэкті теңгемен емес, өзге валютада есептеуінің қаншалықты заңды екені тексеріледі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов үкімет кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СҮЛЕЙМЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Оның айтуынша, Freedom Bank ұсынатын кешбэк жүйесі "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) арқылы құрылымдалған.

Тиісінше, біз – Қазақстан юрисдикциясындағы реттеуші орган ретінде бұл мәселені қосымша тексеруіміз керек. AFSA – АХҚО-ның қаржылық реттеушісімен сөйлесеміз. Барлық қажетті нормативтік-құқықтық негіздерді қарап, бұл механизмнің қалай жұмыс істейтінін түсінейік. Олар бұл жүйені енгізген кезде біз АХҚО-ның реттеушілерімен сөйлестік, олар бәрі өз ережелеріне сай деп мәлімдеген еді. Қазір бұл жағдайды қайтадан тексеру қажет. Тағы да қайталап айтамын: бұл АХҚО юрисдикциясында құрылымдалған, ал ол жерде бізге тексеру жүргізуге негіз жоқ. Біз AFSA-мен, АХҚО-ның өзімен сөйлесіп, оның қаншалықты дұрыс құрылымдалғанын, қандай құқықтық, салықтық және өзге де салдары болуы мүмкін екенін түсінуіміз керек, – деді Сүлейменов Үкімет кулуарында.

ДЕКЛАРАЦИЯ

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2024 жылы кешбэк алғандар биыл 15 қыркүйекке дейін декларация тапсыруы тиіс екенін түсіндірген. Ол сонымен қатар жеке тұлғалар жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңінен босатылғанын еске салды. Алайда Freedom Bank клиенттері – жеке тұлғалар бола тұра, кешбэк түрінде алған табыстары жөнінде есеп беруге міндетті болады.