Әзербайжан мен Ресейдің қарым-қатынасы ушыға түсті

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Әзербайжанда Ресейден келуі тиіс жоғары лауазымды шенеуніктің сапары мен ресейліктер қатысатын барлық мәдени шаралар тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әзербайжан Екатеринбургтегі қайғылы оқиғалардан кейін Ресей қатысатын барлық жоспарланған іс-шараларды ресми түрде тоқтатты

Еске сала кетейік, 27 маусымда Екатеринбург қаласында әзербайжан азаматтары тұратын пәтерлерге жасалған полиция рейдтері кезінде екі адам қаза тапты. Тағы бірнеше адам ауыр жарақат алып, тоғызы ұсталды.

Әзербайжан сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға байланысты қатаң наразылық білдіріп, Бакудегі Ресей елшілігінің уақытша сенімді өкілін шақыртты. Министрлік оқиғаны толық тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

Қарсылық ретінде Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчуктың маусым айының соңында Әзербайжанға жоспарланған сапары да тоқтатылды. Сонымен қатар, Әзербайжан мәдениет министрлігі ресейлік ұйымдардың қатысуымен өтетін барлық бірлескен мәдени іс-шаралардың — концерттердің, көрмелердің, фестивальдер мен театр қойылымдарының — болмайтынын жариялады. Бұл шараларға билет сатып алған азаматтарға билеттерді қайтару үшін сату нүктелеріне немесе онлайн-сервистерге жүгіну ұсынылды.

Сондай-ақ, Әзербайжан Парламентінің делегациясы Мәскеуде өтуі тиіс болған Ресеймен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссияның 23-отырысына қатысудан бас тартты. Бұл — Бакудың реакциясының қаншалықты маңызды екенін көрсететін тағы бір дипломатиялық қадам.

Әзербайжандағы орыс диаспорасы да мәлімдеме жасап, ресейлік құқық қорғау органдарының әрекетін айыптады. Олар қылмыспен күрес шаралары заң шеңберінде жүргізіліп, адам өліміне әкеп соқпауға тиіс екенін атап өтті.

Осыған ұқсас ұстанымды Түрік-Әзербайжан достық қауымдастықтары федерациясы (TADEEF) да білдірді. Оның өкілі Сердар Үнсал құқық қорғау органдарының әрекеттері тапсырыспен ұйымдастырылған болуы мүмкін екенін айтып, бұл істі тергеуге адам құқықтарын қорғау ұйымдарын тартуды талап етті.