Қазақстан Ауғанстанда темір жол құрылысына жарты миллиард доллар бөледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстанның көлік министрлігі мен Ауғанстанның қоғамдық жұмыс министрлігі арнайы меморандумға қол қойды. Тургунди-Герат бағытындағы темір жол құрылысына қатысты келіссөздер Кабул қаласында өтті. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жобаны қаржыландыруға келіскен.
– Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан көлік министрлігі мен Ауғанстанның қоғамдық жұмыстар министрлігі арасында Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасындағы темір жолды салу мен пайдаланудың негізгі қағидаттары туралы vеморандумға қол қойылды, — делінген министрлік хабарламасында.
Инвестиция көлемін Қазақстан тарапы айтпады. Есесіне, Ауғанстан қоғамдық жұмыс министрлігінің баспасөз хатшысы Ашраф Хакшинас Х желісіне:
– Тургунди-Герат теміржолының жобасы бойынша 500 миллион доллар инвестициямен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды, – деп жазды.
Тургунди-Герат темір жол құрылысына қатысу Қазақстанға 2024 жылғы шілдеде Ақтаудағы кездесуде ұсынылған. Бұл жол Республикаға Пәкістандағы теңіз порттарына шығуды жеңілдетеді деп болжануда.
Ауғанстанда 2021 жылы билік басына «Талибан» қозғалысы келген. Қазақстан былтыр Талибан қозғалысын тыйым салынған террористік ұйымдар қатарынан шығарған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан «қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын және бұл режим ұзақ мерзімді фактор екенін ескере отырып, террористік тізімнен шығарды» деген. Қазақстанда Талибан қозғалысы 2005 жылдың наурызынан бастап террористік ұйымдар қатарында болған.
Жақында Ресей Талибан қозғалысының Ауғанстан Ислам Әмірлігі мемлекетін ресми түрде мойындаған.