Халық жазушысы Исраил Сапарбай өмірден өтті

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Белгілі драматург Исраил Сапарбай өмірден өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАРАЛЫ ХАБАР

Қаралы хабарды Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов хабарлады. 

- Бүгін таңнан суық хабар жетті.. Таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда соңғы демі үзілді.

Ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында ауыр науқастан қайтқаны жайлы хабарды маған ағамыздың ұлы Нұрлан Исраилұлы бауырым хабарлады. Биыл қазақ әдебиетінің алыптары, кезінде інілері болып соңынан ерген асыл ағаларым - Дулат Исабеков (20.12.1942 - 21.02.2025), Темірхан Медетбек (06.05.1945 - 10.05.2025), енді міне, Исраил Сапарбай (15.05.1941 - 18.07.2025) бірінен соң бірі өмірден өткені менің жаныма қатты батып, жүрегім ауырып отыр. Алапат қайғы санама енді ғана жеткендей күй кешіп отырмын. Сол Кеңсайға, алыптардың қасына енді Исраил ағам да кетіп бара жатыр, деп жазды Бегманов. 

ИСРАИЛ САПАРБАЙ

Исраил Сапарбай — қазақтың көрнекті ақыны, драматургі, аудармашысы және танымал ән мәтіндерінің авторы. Ол 1941 жылы 15 мамырда Өзбекстанның Самарқан облысында дүниеге келген. «Аққу арман», «Қызыл жел», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» сияқты лирикалық жинақтарымен танымал. Сонымен қатар «Сыған серенадасы», «Ауылдан келген ару» пьесалары театр сахнасында қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. «Парасат» орденінің иегері, Шымкент қаласының Құрметті азаматы.