Таиланд пен Камбоджа қақтығысты тоқтату туралы келіссөзді бастады

Сырым Қаржас
khmertimeskh

Таиланд пен Камбоджа Малайзияда шекара дауына байланысты келіссөздер бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Khmer Times мәліметінше, Камбоджа мен Таиланд арасындағы шекаралық қақтығыс аясында тараптар Малайзия астанасы Куала-Лумпурда келіссөздер өткізуде. Оған Камбоджа премьер-министрі Хун Манет арнайы келсе, Таиланд делегациясына елдің уақытша премьері Фумтам Вечаячай жетекшілік етуде.

Келіссөздерге Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим төрелік етіп отыр. Ол Камбоджа мен Таиланд үкіметтері өзара бейбіт келісімге келуге көмектесуді сұрағанын атап өтті.

АДАМ ШЫҒЫНЫ

Қақтығыс жалғасып жатқан тұста Таиландтың 2-армиялық округі шекарадағы жағдайға қатысты жаңартылған деректерді жариялады. Әскери ведомствоның мәліметінше, қазір атыс жүріп жатқан аймақ саны жетіге дейін қысқарған. Бұл алғашқы күнмен салыстырғанда үш учаскеге аз.

Қақтығыс салдарынан 51 бейбіт тұрғын зардап шеккен:

14 адам қаза тапты;

12 адам ауыр жараланған;

12-сі орташа жарақат алған;

13 адам жеңіл жарақатпен тіркелген.

Сонымен қатар, Таиланд армиясының 8 әскери қызметкері мерт болды, 103-і жараланды. Қауіп аймағынан жалпы 139 646 адам эвакуацияланған.

КОНТЕКСТ

Қақтығыс мамыр айының соңында камбоджалық сарбаз қаза болғаннан кейін басталған. Бұл оқиға шекарада болған қысқа атыс кезінде болған. Осыдан кейін қос тарап та шекарадағы әскери күшін күшейтіп, Таиландтағы коалициялық үкімет дағдарысқа ұшырай бастады.

Таиланд пен Камбоджа 817 шақырымдық құрлық шекарасының бойындағы бірнеше нақты белгіленбеген аумақтар үшін ондаған жылдар бойы дауласып жатыр. Даудың басты себебі — XI ғасырда салынған Та Моан Тхом мен Прэахвихеа индуистік храмдарының иелік мәселесі.