Ресей үкіметі мигранттарды жұмысқа орыс тілі емтиханынан кейін ғана қабылдауды көздеп отыр

Сырым Қаржас
Sputnik

Ресей еңбек министрлігі шетелдік жұмысшыларға қойылатын талаптарды күшейтетін жаңа заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Құжатқа сәйкес, азаматтармен тікелей қарым-қатынас жасауға тиіс қызметтерге – мысалы, жүргізуші, сатушы немесе медицина қызметкері ретінде орыс тілін білмейтін мигранттарды жұмысқа алу шектелмек. Бұл туралы ТАСС агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

ҚАЙ ЕЛДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ?

Жоба, негізінен, Ресеймен визалық режимі бар Қытай, Үндістан, Түркия сияқты елдерден келетін еңбек мигранттарына қатысты. Ал визасыз режиммен келетін Орталық Азия елдерінің азаматтары үшін де жұмыс патентін алу барысында орыс тілінен емтихан тапсыру міндеті бұрыннан бар.

Жаңа бастама – осы талаптарды нақтылай түсуге бағытталған. Визалық елдерден келетін мигранттар квота арқылы қабылданады, ал бұл квота жұмыс берушілердің сұранысына сай бөлінеді.

Айта кетейік, шілде айының соңында Мемлекеттік дума кейбір мигранттарды тіл емтиханынан босататын заң жобасын мақұлдаған болатын. Алайда Дума спикері Вячеслав Володин бұл шешімді сынап, «жүргізуші немесе сатушы сияқты халықпен жұмыс істейтін мамандар тіл білуге тиіс» деген пікір білдірген. Енді әзірленген жаңа заң жобасы осы сыннан кейін қолға алынып, күзгі сессияда қаралады деп күтілуде.