Ақтөбеде мешітте зәбір көрген қызды ер адам "шайтанға" теңеді

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Ақтөбедегі мешіттердің бірінде бұған дейін өзіне жәбір көрсетілгенін мәлімдеген Эммануэла Наурызбаеваны "исламды қаралады" деп айыптап, "шайтанға" теңеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТАҒЫ БІР ҚЫСЫМ

Эммануэла Instagram-дағч парақшасында Алматыда тағы бір ер адамның агрессиясына ұшырағанын видео арқылы баяндады. Кадрда ол көшеде келе жатқанда, бейтаныс ер адам танып, мешіттегі жағдай туралы сұрай бастайды да, артынша қорлайтын сөздер айтады.

– Сен ғой Эммануэла деген? Рас па? Шынымен-ақ жабысқан ба саған? Әлде әдейі исламды қаралап жүрсің бе? Өзің шайтан сияқтысың ғой, – дейді кадр сыртындағы ер адам.

Тағы бір видеода сол адам көшеде соңынан айқайлап:

– Азғын! Кәдімгі азғын!, – деп балағат сөздер айтқан.

Қыздың айтуынша, ол телефонын шығарып, түсіре бастағанда, ер адам қашып кеткен. Видеода Эммануэла көз жасына ерік беріп, өзін мүлдем қорғансыз сезінетінін айтты:

– Егер мені зорлап кетсе де, өзімді қорғай алмаймын. Ешбір қыз қорғай алмайды. Ер адамдарымыз бізге осылай қарайды. Маған кім сенді? Ешкім. Бәрі мені ғана айыптады. Бізде бәріне әйел кінәлі, – деді ол.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Эммануэла Наурызбаева Ақтөбедегі “Нұр Ғасыр” мешітінде ер адамның өзіне жәбір көрсетіп, “бір күндік неке” ұсынғанын, шығуға бөгет жасағанын және бейәдеп әрекет жасағанын мәлімдеген. Бұл дерек бойынша ер адам ұсталып, ұсақ бұзақылық бабы бойынша 5 тәулікке қамалған еді.

Кейінірек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.

Оқиға қоғамда кең талқыланып, қыз әлеуметтік желіде қысымға ұшырады.