«Богатырь Көмір» карьерінде бір жұмысшы қаза болды

Ulysmedia
Фото: bogatyr.kz

Павлодар облысындағы көмір карьерінде бір жұмысшы қаза болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

«Богатырь Көмір» карьерінде бір жұмысшы қаза болды. Компанияның хабарлауынша, 5 тамызда тартушы агрегат жүргізушісін тоқ соғып, қаза болған. Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі барғанға дейін ер адам сол жерде қайтыс болған.

Мемлекеттік инспекция тексерісі

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің дерегінше, қаза болған адам 42 жаста. Оқиғаны арнайы комиссия тергеп жатыр. Сот-медицина сараптамасы тағайындалған.

Кәсіпорын өкілдері марқұмның отбасына барлық көмекті беруге уәде берген.

Бірнеше күн бұрын ғана жергілікті БАҚ осы карьерде 32 жастағы электр слесары өндіріс кезінде ауыр жарақаттанғанын жазған. Ол биіктен құлаған. Мемлекеттік инспекция комитеті тексеріс бастаған.

«Богатырь Көмір» кәсіпорны

«Богатырь Көмір» кәсіпорнының әлеуметтік есебі бойынша, кейінгі үш жылда өндіріс кезінде кемінде алты адам қаза болған.

«Богатырь Көмір» – қазақстандық «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен ресейлік «РусАл» компанияларының біріккен кәсіпорны. 2002 жылы компания Қазақстан үкіметімен «Богатырь» және «Северный» кеніштерінің құрамындағы Екібастұз көмір кен орнын 45 жыл игеру туралы келісім-шартқа отырған. Компания үлесіне Екібастұз көмір алабында өндірілетін көмірдің барлық көлемінің 70%-ы тиеді.