АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен келесі аптада кездесуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай.
Мәскеуде Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Владимир Путинмен үш сағаттық кездесу өткізгеннен кейін, екі ел президенттерінің кездесуі жөнінде ақпарат тарады. АР агенттігі Ақ үйдегі дереккөздеріне сүйеніп, Трамп пен Путин алдағы аптада кездесуі мүмкін екенін жазды.
Дәл осындай ақпаратты Германияның DPA агенттігі де таратты. Басылым «Жақын уақытта Трамп Путинмен кездесіп, Украинадағы соғысты тоқтатқысы келеді» деп жазды.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио журналистерге Трамп пен Путиннің кездесуі алдағы аптада бола ма, болмай ма білмейтінін айтты. Ол «барлығы тараптардың келісіміне байланысты» деді.
Дональд Трамптың өзі Ресей басшысы Владимир Путин және Украина президент Владимир Зеленскиймен үш жақтық кездесу өткізуге «жақсы мүмкіндік бар» деп мәлімдеді.