"Базар сияқты": Димаш Құдайбергеннің қарындасының тойы желіде сынға қалды

Сырым Қаржас
instagram.com/raushan_kudaibergen

Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан Құдайбергеннің тойынан тараған видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қонақтардың тәртіпсіздігі мен ұйымдастыру деңгейі сынның астында қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушанның тойы тағы да көпшіліктің назарында. Алайда мерекелік шарадан тараған видеода қонақтардың жүріс-тұрысы желі қолданушыларының көңілінен шықпай, сынға ұшырады.

Кейбір пікір иелері тойдың алдын ала жақсы жоспарланбағанын атап өтті:

– Алдын ала бәрін жоспарлап, түсіндіріп, қонақтарды дайындау керек еді. Бұл отбасылық той емес, бүкіл дүние жүзі қызықтап қарап отыр, – деп жазды желі қолданушысы.

Тағы біреулер жастардың жолын бөгеген үлкендер мен қонақтарға реніш білдірді:

– Жастардың жолын кесіп бара жатыр. Осы ма оңтүстіктің қонақжайлығы? – деп пікір қалдырған.

– Бір әдемі видеоны быт-шытын шығарды ғой, мәдениет қайда?, – деп қосты тағы бірі.

Кейбірі асабаның да әрекетін сынға алды:

– Тамада бәрін отырғызып, жастарды ортаға шығару керек еді. Димаштың отбасынан мен ұялып отырмын.

Қарапайым тәртіпті сақтау қажеттігі жиі айтылған:

– Базар секілді бәрі жүр, отыру керек қой,

– Неге қонақтар жастардың алдын кесіп, өріп жүр?

БҰҒАН ДЕЙІН

1 тамыз күні танымал әнші Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан Құдайберген тұрмысқа шықты. Димаш Instagram-парақшасында қарындасына арнап арнайы ән жазғанын айтып, көпшілікті толқытқан жүрекжарды жазбасын бөлісті.

“Жібек Жолы” телеарнасының директоры Еркежан Күнтуғанның желідегі жазбасына қарағанда, тойға Еуропадан, Қытайдан, Ресейден қонақтар келген.

КҮЙЕУ ЖІГІТ КІМ?

Ермахан Аймахан – актер. 2000 жылы дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. “Музыкалық жас көрермен” театрында қызмет етеді. 

ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЕР ӘУЛЕТІ

Құдайбергеновтер отбасы – шығармашылығымен елге танылған әулет. Қанат Айтбаев – әнші, продюсер әрі ұлы Димаштың алғашқы ұстазы, ал Света Айтбаева – белгілі мәдениет қайраткері.
Димаш Құдайберген бүгінде әлемдік аренада Қазақстан атын танытып жүрген дарынды вокалист, Қазақстанның және Қырғызстанның халық әртісі.