АҚШ, Жапония, Канада: Джей Лоның Алматыдағы концертіне 35 елден көрермен келеді

Мейірман Лес
Ulysmedia коллажы

10 тамызда Алматы халықаралық поп-музыка орталығына айналмақ. Қаланың Орталық стадионында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопес өзінің 2025 жылғы Summer туры аясында ауқымды концерт өткізеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 220-дан астам кәсіби маман көпдеңгейлі, заманауи сахнаны құруға тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Сахна тік мұнаралармен, көтерілетін платформалармен, жоғары дәлдікті жарық және бейне жүйесімен жабдықталады. Әр элемент халықаралық талаптарға сай жасалып, қойылым мінсіз өтуі үшін түрлі елден келген мамандар бірлесе еңбек етіп жатыр.

First Media Group директоры Әльфия Нұрғұмарованың айтуынша, “Қайрат” ФК ойыны аяқталғаннан кейін алаңға қазақстандық прокат компанияларының құрал-жабдықтары тиелген бес жүк көлігі жеткізілген. Үш күн ішінде монтажшылар, инженерлер мен үйлестірушілер сахна орнату жұмыстарын аяқтауға тырысуда.

– Бұл – ауқымы мен орындалу қарқыны жағынан ерекше жоба. Әлемдік турдың техникалық директоры да біздің жұмыс жылдамдығымызға таң қалды, – деді ол.

КОНЦЕРТТІҢ АУҚЫМЫ

Ұйымдастырушылар қала қызметтерімен бірлесе отырып, қауіпсіздік пен логистиканы егжей-тегжейлі пысықтап жатыр. Концерт өтетін күні стадион аумағында фан-аймақтар, VIP және медиа аймақтар, лаунж аймақтар мен фуд-корттар ұйымдастырылады. Қауіпсіздік үшін медициналық бригадалар, өрт сөндірушілер мен төтенше жағдай қызметкерлері кезекшілік етеді, ал кіреберістерде металлдетекторлар мен қол сканерлері бар 26 бақылау бекеті орнатылады.

Концерт билеттері толық сатылып кеткен. Оларды АҚШ, Жапония, БАӘ, Канада секілді 35-тен астам елдің көрермендері мен мыңдаған қазақстандықтар сатып алған. Әльфия Нұрғұмарованың сөзінше, бұл оқиға Алматыны аймақтың мәдени орталығы ретінде танытып, туризм мен креативті экономиканың дамуына серпін береді.

БҰҒАН ДЕЙІН 

Еске салайық, 1 тамызда Астанада Дженнифер Лопестің концерті аншлагпен өтті. Ал кеше әншінің командасы Алматыға ұшып келді.

Бэк-вокалистердің бірі Шэрон Янгблад Алматының табиғатына тәнті болып, Қазақстанда отбасымен оралғысы келетінін айтты.