«Дружба» мұнай құбырына жасалған "дрон шабуылы" Қазақстан мұнай тасымалына қалай әсер етті

Есдәулет Қызырбекұлы
Sputnik / Алексей Бабушкин

Энергетика министрлігі Ресейдің Брянск облысындағы «Унеча» мұнай айдау станциясына украиналық дрондардың шабуылы Қазақстан мұнайының Германия мен Венгрияға экспортына әсер етпегенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Мән-жай

13 тамызға қараған түні бірқатар шетелдік БАҚ «Дружба» магистральдық мұнай құбырының бөлігі болып саналатын «Унеча» станциясына дрон шабуылы болғанын хабарлады. «РБК-Украина»спутниктік суреттерге сүйеніп, нысанда соққыдан кейін үлкен өрт болғанын жазған. Бұл станция Қазақстан мұнайын Германия мен Венгрияға жөнелтеді.

Энергетика министрлігі ПАО «Транснефть» жүйесі арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау штаттық режимде жүріп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта Қазақстан мұнайын ПАО «Транснефть» жүйесі арқылы тасымалдау ешқандай шектеусіз жүзеге асырылып жатыр», – делінген хабарламада.

Биыл тамызда Қазақстан алғаш рет Венгрияға мұнайды теңіз жолы арқылы тасымалдаған. Бұл мұнай тасымалдау жолдарын әртараптандыру бағытында жасалып жатқан қадамдардың бірі.