Өткен жылдың күзінде Шерзат Полаттың отбасының үйін өртеу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Мән-жай
«Қаржаубай Нұрымовтың үйіндегі өрт фактісі бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 45-бабы 7-бөлігінің 5-тармағына сәйкес (құқықтық көмек көрсету жөніндегі процестік әрекеттерді орындалуына байланысты) тоқтатылды», - делінген Алматы облысы прокуратурасының ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.
Бұған дейін Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне байланысты іс те тоқтатылған. Полиция ол өз-өзіне қол салған деген байламға келген.
Талғар оқиғасы
16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат былтыр 4 қазанда Талғардағы төбелес кезінде кісі қолынан қаза болған. Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырып артынша тоғыз адам ұсталған.
Сот үкімі
Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар делінген 9 адам 1 жыл 6 айдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Атап айтқанда, Абзал Шынасыл 23, Равиль Сакиев 20, Азамат Тоқтаубаев 15 , Нұрқияс Ілиясов 9, Шыңғыс Белғожаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай және Нұрбол Тоқтаубаев 7, Думан Ысқақты 1 жыл 6 айға сотталған. Жақында Думан Ысқақ бостандыққа шыққан.