Астана мен Алматыда жаңадан салынған үйлер қымбаттап кеткен

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Алматы мен Астанадағы жаңа пәтерлердің бағасы күрт қымбаттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) сарапшылары жаңа тұрғын үй бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Ол үшін танымал онлайн-сервистердегі хабарландыру деректері негізге алынған. ҚР ҰЭМ Бюросының ресми деректеріне сәйкес, 2025 жылғы шілдеде ел бойынша жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі орта есеппен 528 559 теңге болды. Бұл 2024 жылдың шілдесімен салыстырғанда 9,6% жоғары.

31 шілдедегі жағдай бойынша бір шаршы метрдің орташа бағасы 503 049 теңге болды. Жылдық өсім — 14%. Нарықта бастапқы тұрғын үйдің қымбаттау қарқыны үдей түсті: маусымда айлық өсім 0,3% болса, шілдеде бұл көрсеткіш 1,4%-ға жетті.

Алматыда хабарландырулар бойынша бір шаршы метрдің бағасы 757,4 мың теңге болды. Бұл қала елдегі ең қымбат жылжымайтын мүлік нарығын сақтап отыр: ресми статистикаға сәйкес, мұнда орташа баға басқа өңірлерден әлдеқайда жоғары — 647,7 мың теңге.

Астанада жаңа пәтердің бір шаршы метрі 501,3 мың теңгеге жетті. Бұл өткен аймен салыстырғанда 9 мың теңгеге қымбат.

Үшінші орында — Шымкент. Мұнда жаңа тұрғын үйдің орташа бағасы 438,6 мың теңге болды. Бір айдағы өсім 0,2%, ал жылдық өсім — 9,3%.