Сот АЭС құрылысына қарсы бес белсендінің төрт жылға бас бостандығын шектеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бүгін АЭС құрылысына қарсы бес белсендінің сотында үкім оқылды.
Судья Ернар Қасымбеков сотталушылардың барлығын ҚК 272-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығын шектеп, пробациалық бақылау жазасын тағайындады.
Бұдан өзге, сот белсенділерге бес жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салды. Барлығы сот залынан босатылды.
Бұған дейін іс бойынша күдікті деп танылған белсенділер Жанат Қазақбай, Нұрлан Жаулыбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбараковты прокурор қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
КОНТЕКСТ
2024 жылы АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында Алматыда 12 белсенді ұсталған. Кейіннен олардың жетеуін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан. Бес белсендіге «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабы бойынша айып тағылған.
Белсенділер бұған дейінгі сот отырысында өздеріне тағылған айыппен келіспеген. Олар істің саяси астары барын айтып, ұсталуларын АЭС құрылысына қарсы айтқан пікірлерімен байланыстырған.