Өзбекстанның Ферғана облысына қарасты Наманған қаласында имамдар мен олардың орынбасарларының әйелдерін жиналысқа шақырып, хиджабтың орнына жергілікті дәстүрге сай орамал тағуға міндеттеген. Егер бұл талап орындалмаса, күйеулері мешіттен қуылатыны ескертілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл міндетті орындау Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының Наманған облыстық бөлімшесінің басшысы Мусахон Аббосидиновке жүктелген. Мұны "Озодлик" радиосына аты-жөнін атамауды өтінген жиналысқа қатысушы әйелдің бірі хабарлаған.
Жиында не айтылды?
"Озодликке" жеткен аудиожазбада жиналыстың екі сағаттан астам уақытқа созылғаны айтылады. Онда облыс әкімшілігінің қоғамдық және діни ұйымдармен байланыс бөлімі бастығының көмекшісі Сайёра Исакова 2023 жылдан бері Өзбекстанда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге заңмен тыйым салынғанын түсіндірген.
– Енді заң бар. Бір имамның әйелі бұрын паранжа кигені үшін сотқа тартылды. Қазір мұндайға тыйым салынғанын түсініп, әйелдер басына жай орамал тартуға үйреніп жатыр. Егер имамның әйелі ұсталып қалса, күйеуін ешкім қорғай алмайды, – деген Исакова.
Заң бойынша хиджабқа тыйым жоқ, себебі оны кигенде бет-әлпет ашық болады. Бірақ Наманғанда белгісіз себептермен хиджабқа қарсы шара басталып кеткен. Жиында Исакова: «Құран хиджаб тағуды міндеттемейді» деген.
Қысымнан кейінгі әрекет
Куәгерлердің айтуынша, кейбір имамдардың әйелдері жиыннан шыға сала басындағы орамалды артқа түйіп байлап алған. Себебі күйеуін жұмыстан шығарып жібереді деп қорыққан.
Наманғандық имамдардың бірі "Озодликке" берген сұхбатында облыстық басқарма басшысы Мусахон Аббосидинов биліктің барлық нұсқауын бұлжытпай орындайтынын айтты. Оның сөзінше, соңғы екі жылда Аббосидинов 40-тан астам имамды қызметінен босатып, олардың орнына өз бұйрығын мүлтіксіз орындайтын адамдарды қойған.
– Мысалы, имам Махмудханды әйелі хиджаб кигені үшін, Шокиржонды – жоғары басшылыққа ұнамай қалғандықтан, ал Ділмуродханды – діни комитет қызметкерімен келіспегені үшін жұмыстан шығарды, – деді ол.
Ресми түсініктеме
"Озодлик" радиосы Аббосидиновтің өзінен пікір сұраған. Ол Наманғанда киімге қатысты өзіндік менталитет барын айтып, ешкімге қысым көрсетілмегенін алға тартты.
– Біздің әйелдер ежелден дінімізге және дәстүрімізге сай киініп келген. Ешкімді хиджабты шешуге немесе орамалды артқа түйіп тағуға мәжбүрлеген жоқпыз, – деді ол.