Қазақстанда азық-түлікке қойылған ең төменгі бағалар қайта есептеледі

Сырым Қаржас
Коллаж: ulysmedia.kz

Қазақстан сауда және интеграция министрлігі кеден одағы (Еуразиялық экономикалық одақ) елдерінен импортталатын бірқатар тауарларға ең төменгі баға деңгейін қолдану тәртібіне өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жоба талқылауға шығарылды

Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды және 18 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға қолжетімді болады.

Қай тауарлар қосылады?

Жобаға сәйкес, тізімге бірқатар азық-түлік пен өнеркәсіп тауарлары енгізіледі. Олардың ішінде:

  • сүт өнімдері (ірімшік, сүзбе);

  • көкөністер (картоп, орамжапырақ, сәбіз, саңырауқұлақ);

  • жемістер (банан, цитрус, алма, хурма, қаражидек);

  • күнбағыс тұқымы, маргарин, шұжық, макарон өнімдері;

  • минералды тыңайтқыштар, еріткіштер, антифриздер, шлаковата, силикат мақтасы және отқа төзімді кірпіштер.

Бұл шешім сырттан тауарлардың ішкі нарықтағы бағадан төмендетілген құнмен әкелінуіне байланысты қабылданды.

Екі санатқа бөлу

Жоба аясында тауарлар екі топқа бөлінеді:

  1. Қазақстанда өндірілетіндер;

  2. Қазақстанда өндірілмейтіндер.

Мақсаты

Министрліктің айтуынша, бұл өзгерістер ең төменгі бағаны дұрыс қолдануға және ішкі нарықты демпингтен қорғауға бағытталған.