"Ұят" - Тоқаев азық-түлік нарығындағы жағдай туралы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы азық-түлік нарығында импорттың басымдығына назар аударып, бұл жағдайды «ұят» деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Импортты азайту – стратегиялық міндет

Мемлекет басшысы үкіметтің негізгі міндеті – ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру және қазақстандық тауарлардың экспортын дамыту екенін атап өтті.

– 100% өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкін емес және оған ұмтылу да қажет емес. Бірақ қазіргі біздің нарықтағы жағдай – бұл ұят нәрсе. Сонымен қатар дәстүрлі ұлттық өнімдерді шетелдік нарыққа белсенді түрде ілгерілету қажет. Сол үшін логистика, ветеринарлық және эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып, аграрлық экспорттың нақты жоспары жасалуы тиіс. Бұған қоса, сауатты маркетингтік стратегиялар керек. Бұл тек Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органдардың міндеті, сондықтан үкімет деңгейінде үйлестіру қажет, – деді Тоқаев.

ЕАЭО аясында әділ шарттар қажет

Сонымен бірге президент үкіметке Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанның ұстанымын күшейтуді тапсырды.

– Үкімет Еуразиялық сауданы дамытуда әділ шарттарды табанды түрде талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өндірушілердің құқығын қорғауы тиіс. Біздің кәсіпкерлер ЕАЭО-ға мүше басқа елдердің кәсіпорындарымен салыстырғанда мемлекеттік қолдауды толық көлемде алмай отыр. Сондықтан олар тиімсіз жағдайда қалып, өз нарығын бәсекелестерге беруге мәжбүр. Әсіресе бұл сүт өндірушілерге қатысты, – деп түйіндеді мемлекет басшысы.