Өзбекстан зейнет жасын ұлғайтпақ

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Өзбекстанда ерлер үшін ең төменгі зейнет жасын 60-тан 63 жасқа, әйелдер үшін 55-тен 58 жасқа дейін көтеру ұсынылды. Бұл жөнінде зейнетақы қорының өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖОБА ЖАЙЛЫ

Жобаға сәйкес, ерлердің зейнетке шығу жасы 60-тан 63 жасқа, әйелдердікі 55-тен 58 жасқа дейін ұлғайтылмақ. Gazeta.uz дерегінше, бұл процесс бірден емес, жыл сайын жарты жылдан қосылып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Мемлекеттік бюджеттік емес зейнетақы қорының атқарушы директоры Муродбек Атаджановтың айтуынша, әлемнің көптеген елінде зейнет жасы 65 жастан жоғары. Ал Өзбекстан – 1993 жылы «Азаматтарды мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң қабылданғаннан бері зейнет жасы өзгермеген аз елдің бірі.

– Зейнет жасын арттырмаған жалғыз ел болып Өзбекстан қалды, – деді ол.

ӨМІР СҮРУ ҰЗАҚТЫҒЫ

Зейнетақы қоры өкілінің айтуынша, елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы өсіп келеді және Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінде ол шамамен 75 жасқа жеткен. Бұрын зейнеткерлер орташа есеппен 8-9 жыл өмір сүрсе, қазір ерлер – 12,5 жыл, әйелдер – 20 жыл өмір сүріп жатыр.

Атаджанов әзірге шешім қабылданбағанын атап өтті. Халықтың ұсыныстарын жинауға арналған арнайы платформа іске қосылып, оған бір ай уақыт берілмек. Түсініктемелер талданғаннан кейін жоба қайта қаралып, журналистер мен блогерлердің қатысуымен талқылауға ұсынылады.

Сонымен қатар Атаджанов жұмсақ нұсқаны да жоққа шығармады: яғни жылына жарты жылдан емес, үш айдан қосу. Бұл жағдайда зейнет жасын бір жылға көтеру төрт жылға созылып, бүкіл реформа 12 жылға дейін ұзаруы мүмкін.

ЗЕЙНЕТАҚЫ РЕФОРМАСЫ

2024 жылдың желтоқсанында Өзбекстанда зейнет реформасына арналған семинар өтіп, тұжырымдамалық құжат әзірлеу басталған. Ол 2025 жылдың қыркүйегінде ел президенті Шавкат Мирзиёевке ұсынылуы тиіс.

Бұған дейін Дүниежүзілік банк те Өзбекстанға зейнет жасын көтеруді ұсынған. Ұйымның 2023 жылғы есебінде реформаға дейін алдын ала бейімделу мерзімін беру қажеттігі айтылған. Халықаралық валюта қоры да Өзбекстандағы қазіргі зейнетақы жүйесінің реформаны талап ететінін атап өткен еді.

КОНТЕКСТ

Қазақстанда зейнет жасы: ерлер үшін – 63 жас; әйелдер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан – 61 жас; 2028 жылдан бастап – 61,5 жас; 2029 жылдан – 62 жас; 2030 жылдан – 62,5 жас; 2031 жылдан бастап – 63 жас болады.

Айта кетейік, зейнет аннуитеті азаматтарға жалпыға бірдей белгіленген жастан ерте зейнетке шығып, өмір бойы ай сайынғы төлем алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев жеке компаниялардың қазақстандықтардың жинақтарын басқарудағы құзыреті жоғары екенін айтқан еді. Оның мәліметінше, қазіргі уақытта халықтың шамамен 5% жинақтары жеке басқарушыларға сеніп тапсырылған. Ұлттық банкте алдағы уақытта зейнетақы активтерін жеке компанияларға кезең-кезеңімен беру мәселесі қарастырылып жатыр.