Қазақстанда кімдер екі жерде жұмыс істей алмайды?

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарға бір мезетте бірнеше жерде жұмыс істеу қаншалық заңды екенін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, қазақстандықтар негізгі жұмысынмен қоса қосымша жұмыс істей алады. Бірақ жалпы жұмыс күні 12 сағаттан аспауы тиіс. Оның ішінде 8 сағаттан артық емес уақыт негізгі жұмысқа, ал 4 сағатқа дейін қосымша жұмысқа жұмсалуы керек.

ҚОСЫМША ЖҰМЫС ДЕГЕН НЕ

Қоса атқарушылық (қосымша жұмыс) – бұл қызметкердің негізгі жұмысынан тыс уақытта басқа да тұрақты ақы төленетін жұмысты істеуі. Мұндай жұмыс бөлек еңбек шарты арқылы рәсімделеді. Басқа жұмыс берушімен келісім жасағанда қызметкер негізгі жұмыс орнындағы еңбек жағдайлары туралы анықтама ұсынуға міндетті. Бұл – еңбек жүктемесінің шекті нормаларын сақтап, заң бұзушылыққа жол бермеу үшін қажет.

ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

Еңбек кодексінде негізгі жұмыс пен қоса атқарушылықтағы жұмыстың жиынтық ұзақтығы күнделікті жұмыс уақытының нормасынан төрт сағаттан артық болмауы тиіс екені нақты көрсетілген. Бұл шектеу қызметкерлердің денсаулығын қорғау және шамадан тыс жүктемеге жол бермеу мақсатында енгізілген. Қосымша жұмыс істейтін қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы негізгі жұмыс орнындағы демалыспен бірге беріледі. Егер қосымша жұмыстағы демалыс қысқа болса, жұмыс беруші қызметкерге ақы төленбейтін қосымша күндер беруге міндетті, осылайша екі демалыс мерзімі теңестіріледі.

КІМДЕР ҚОСЫМША ЖҰМЫС ІСТТЕЙ АЛМАЙДЫ

Барлық азаматтарға қосымша жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Еңбек кодексіне сәйкес, бұл шектеу 18 жасқа толмағандарға, сондай-ақ ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыс істейтіндерге қатысты (медицина қызметкерлерінен басқа). Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге педагогикалық, ғылыми немесе шығармашылықтан бөлек, басқа ақылы қызметпен айналысуға тыйым салынған. Осылайша, кәмелет жасына толған және аталған шектеулерге жатпайтын кез келген азамат белгіленген ережелерді сақтай отырып, ресми түрде қосымша жұмыс істей алады.

КОНТЕКСТ

18 қыркүйекте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин Еңбек шарттарын тіркеудің бірыңғай жүйесіне еңбек шарттары туралы деректерді енгізуді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті қадағалап отырғанын айтты. Бұл жұмыстың мақсаты – еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз ету және қызметкерлердің құқықтарын қорғау.