Елордалық әкімдік қызметкерлері мен қала тұрғындары 15 қыркүйектен бастап кейбір ұйымдарда іске қосылған жаңа жұмыс кестесіне қатысты пікір білдірді.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Таңғы 07:14. Қала әлі толық оянбаған. Әкімдік ғимаратының алдында анда-санда асығыс қадам басқан қызметкерлер көзге шалынады. Бірі қолындағы ыстық кофесін жұта жүріп жүгірсе, енді бірі кеңсеге кірместен әлдекімге хабарласып, жұмысты бастап кеткені байқалады. Көшеде кептелістің алғашқы белгілері сезіле бастаған шақ. Ал ғимарат ішінде жаңа жұмыс күні басталуға таяу. 15 қыркүйектен бері астаналықтардың бір бөлігі таңғы 07:30-да жұмысқа кірісіп, кешкі 17:00-де үйлеріне ертерек қайтып жүр.Біреулер үшін – шырт ұйқыдан ерте серпу,ал басқалар үшін – күндізгі жарықты сергек күйде көрудің жаңа мүмкіндігі.
Жаңа кесте туралы пікірлер де түрлі-түрлі. Бірі «ерте тұрғанның бір ісі артық» десе, енді бірі «ерте тұрғанның көзі ісіп тұрады» деп әзілдейді.
Әкімдікте істейтіндер арасында да көзқарас әртүрлі. Мақсат Жанабаев жаңа режимді қуана қабылдағандардың бірі.
– 07:30-да жұмыста боламыз. Жақын тұрған соң үлгеремін. Балаларды балабақшаға әйелім апарады, – дейді ол.
Мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты негізінен 15 қыркүйектен басталған еді, бірақ әкімдікте жаңа тәртіп ресми түрде 19 қыркүйекте іске қосылыпты. Осылай деген Альбина Мукушева үшін таңертең ерте тұру қиын емес. Дегенмен, қаладағы кептелістің беті әлі қайтпапты.
– Алтыда тұрамын. Бұрын тоғызда баратынбыз. Енді ертерек шығамыз. Бірақ кептеліс бәрібір бар, – дейді ол.
Балабақшалардың басым бөлігі таңғы сегізден бастап ашылады. Бұл, әрине, жас ата-аналарға қолайсыздық тудырады. Дегенмен мәселенің шешімі ойлағаннан да жеңіл болып шықты. Әкімдік қызметкері Ануар Рақыштың айтуынша, баласы барларға бұрынғы кесте сақталады.
– Балалары барларға ыңғайлы етіп, бұрынғы кестемен қалу үшін өтініш жазуға мүмкіндік берді. Ал жалпы алғанда, беске дейін жұмысты бітіріп, ертерек қайту жақсы, – дейді ол.
Ал мемлекеттік қызметкер Айдана Ибрагимова үшін жаңа кестенің пайдасы да, қиындығы да қатар жүр.
– Бір жағынан жақсы, беске дейін жұмысты аяқтап үлгереміз. Бірақ таңертең қызымды балабақшаға апару ыңғайсыз, себебі балабақта тек сағат сегізден бастап қабылдайды. Дегенмен, басшылықпен келісіп, бұрынғы уақытпен қатынап жүрмін, – дейді.
Жұмыспен қамту орталығында жұмыс уақыты өзгеріссіз қалған. Барлығы қызметін әдеттегідей 08:30-да бастайды. Дегенмен, бұл орталықтың қызметкері Әділ Қарымсақов жаңа бастамаға күмәнмен қарайды.
– 15 тамыздан бастап ерте келуді ұсынған еді. Бірақ біздің директор бұрынғы уақытпен қалдырды. Кептеліс азайды дегенге келісе алмаймын, – дейді ол.
Қала тұрғындарының пікірлері де екіұдай. Әкімдікке жеке шаруасымен келген Бақтыгүл Ысқақова халық үшін қолайсыздық көбейгенін айтты.
– Сағат 12-ге дейін келсем, қызметкерлер түскі асқа кетіп қалған. Кейде мүлде ерте шығып кетеді. Қарапайым халық үшін ыңғайсыз. Өйткені біздің жұмыс уақытымыз өзгерген жоқ, – дейді ол.
Сол сияқты Әлия Төленқызы да жаңа тәртіптің әлегін сезінгендердің қатарында. Ол да әкімдік қызметкерлерін күтумен уақыт жоғалтқанын жасырмады. Дегенмен, болашақта бәрі бірізге түсер деген үміті бар.
– Таңғы кептеліс бұрынғыша. Әлі де бәрі үйренісіп үлгерген жоқ қой, – дейді ол.
КОНТЕКСТ
Әкімдік мәлісетінше, жаңа жұмыс тәртібіне 25 мың елордалық қызметкер ауысқан. Өзгерістер қала орталығындағы мемлекеттік және жартылай мемлекеттік құрылымдарға қатысты. Жаңа жұмыс кестесі қаладағы кептелісті, әсіресе таңғы трафикті 15-20 пайызға дейін азайтуы мүмкін. Ал жеке құрылымдар мен бизнес нысандары, мектептер мен балабақшалар, ауруханалар, емханалар, ХҚКО және өзге де әлеуметтік мекемелер бұрынғы кестемен жұмысын жалғастыра береді.