Ердоған Солтүстік Кипр Түрік Республикасы мен Палестинаны мойындауға шақырды

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

Түркия президенті Режеп Тайып Эрдоған БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөз сөйлеп, халықаралық қауымдастықты Солтүстік Кипр Түрік Республикасын ресми түрде тануға үндеді.

«Кипрде екі мемлекет бар» 

Ол ондаған жылдарға созылған Кипр мәселесінің шешілмеуіне аралдың оңтүстігіндегі биліктің қатаң ұстанымы себеп болғанын айтты.

«Кипр аралында екі бөлек мемлекет пен екі бөлек халық бар. Түрік киприоттары осы аралдың заңды иелері», — деді Эрдоған.

Оның айтуынша, жарты ғасырдан астам уақыт бойы Солтүстік Кипр халқы «әділетсіз оқшаулауға» ұшырап келеді. Түркия президенті бұл жағдайға нүкте қою қажеттігін айтты.

«Мен БҰҰ Бас Ассамблеясының алдыңғы сессияларында да осыны айтқанмын: халықаралық қауымдастық Солтүстік Кипр Түрік Республикасын мойындап, онымен дипломатиялық, саяси және экономикалық байланыстар орнатуы тиіс», — деді ол.

Сонымен бірге Эрдоган Түркия ұсынған Шығыс Жерорта теңізі жөніндегі конференцияның ортақ ұстаным қалыптастыруға және әділ шешім қабылдауға ықпал ететінін еске салды.

Палестинаны мойындау – уақыт талабы

Сондай ақ, Түркия президенті Режеп Тайып Эрдоған әлем елдерін Палестинаны мемлекет ретінде тез арада мойындауға шақырды.

Ол сөзін Газа тұрғындарының қайғы-қасіретін бейнелейтін фотосуреттермен бастады.

«Мен бүгін осы мінберде үнін жеткізе алмай жатқан палестиналық бауырларымыздың атынан тұрмын», — деді Эрдоган.

Оның айтуынша, аштықтан қаза тапқандар саны 428-ге жеткен, соның ішінде 146-сы – балалар. Сондай-ақ ол Израильдің әдейі 250 журналисті өлтіргенін айтты. Түркия басшысы Газа жағдайын соғыс деп атауға болмайтынын жеткізді.

«Бір жағында – ең заманауи армия мен қырып-жоятын қару, екінші жағында – бейкүнә бейбіт тұрғындар мен жазықсыз балалар. Онда балаға раушанның тікені қадалса, ата-ананың жүрегі қан жылайды. Ал Газада балаларға анестезиясыз қол-аяқтарын кесіп тастап жатыр», — деді ол.

Сонымен бірге ол Израильдің Катарға жасаған шабуылын сынға алып, мұны Тель-Авив басшылығының «бақылаудан мүлде шығып кеткенін» көрсетті деп бағалады.

«Израиль үкіметінің бұл ессіз әрекеттері бүкіл әлемде антисемитизмді күшейтіп отыр», — деді Эрдоған.