Алматыда медициналық орталық пациентке өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Алмалы ауданының №2 аудандық соты медициналық орталыққа қатысты істі қарады.
Қант диабетінің асқынуынан емделу үшін әйел осы орталыққа жүгінген. Ол көрсетілген қызмет үшін 420 мың теңге төлеген. Алайда ем нәтижесіз болып, ауруы асқына түскен. Кейін ол басқа клиникаға барған. Сол жерде дәрігерлер сапасыз емнің салдарынан әйелдің оң аяғындағы бір саусағын ампутациялауға мәжбүр болған.
Пациент алғашқы медициналық орталықты сотқа беріп, моральдық шығынды өндіруді талап етті.
СОТ ШЕШІМІ
Сот талапкердің арызын қанағаттандырып, медициналық орталықтан 120 мың теңге материалдық және 500 мың теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
КОНТЕКСТ
16 қыркүйекте қазақстандық әйелдің операциядан кейін өлім аузында қалғаны белгілі болды. Ол дәрігерлерден 2,4 млн теңге өндіріп алды. 2024 жылы Алматыда ЛОР-дәрігер Марал Танабаева сәтсіз ота жасағаны үшін айыпталған еді. Оған қылмыстық іс қозғалып, кәсіби қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сот процестері кезінде оның денсаулығы нашарлап, кейін онкологиялық дерттен көз жұмды. Осы қайғылы жағдайдан соң дәрігердің 16 жастағы ұлы да өз-өзіне қол жұмсады.
Бұл оқиға дәрігерлерді қоғам алдында «қылмыскерге» айналдыру мәселесін көтерді. Медициналық қауымдастық мұндай жағдайлар әдетте қасақана емес қателіктерден туындайтынын айтып, қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетіп, әкімшілік деңгейге ауыстыруды талап еткен еді.