Жанәбіловтер ісі бойынша сот материалдары ҚМА-ға әлі түскен жоқ

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz коллажы

Жанәбіловтер отбасына қатысты сот материалдары әзірге Қаржы мониторингі агенттігіне түскен жоқ. Бұл туралы ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

15 қыркүйекте Жанәбіловтер отбасына қатысты сот шешімі шығарылған еді. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес қаулы 10 күн ішінде заңды күшіне енеді. Осы уақыт өткен соң ғана іс материалдары агенттікке жолданады.

Қаржы мониторингі агенттігінің ақпарынша, материалдар қолдарына тигеннен кейін оларды толық зерделейді.  Егер сот қаулысында қылмыстық жазалау белгілері көрсетілсе, тиісті қылмыстық іс тіркеледі. Кейін тергеу амалдары басталып, істің мән-жайына байланысты нақты құқықтық баға беріледі.

Жеңіс Елемесовтің қазіргі таңда ешқандай тергеу жұмыстары жүргізілмегенін, барлығы заңда белгіленген рәсімдерге сәйкес жүзеге асатынын атап өтті. Яғни, Жанәбіловтер ісі бойынша түпкілікті шешім тек қылмыстық іс қозғалып, тергеу нәтижесінде ғана белгілі болмақ.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін сот блогер Жанәбіловтерге қатысты істі тоқтатып, іс қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін экономикалық тергеу департаментіне жіберілген болатын.