Қазақстандағы парламенттік реформа орыс тіліне қалай әсер етеді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Парламенттік реформа Қазақстан Конституциясының жетінші бабына әсер ете ме? Аталған бапта мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі қолданылатыны жазылған. Мәжіліс кулуарында депутат Елнұр Бейсенбаев алдағы Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы пікір білдіріп, Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына жауап берді.

– Біріншіден, Қазақстанда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі белгіленген. Бұл – елімізде негізгі, басым тіл қазақ тілі екенін білдіреді. Сондықтан Конституциядағы осы норманы өзгертудің қажеттілігі жоқ деп санаймын. Ең бастысы – бұл реформа Конституцияның өзге бөліктеріне қатысы жоқ. Реформа тек парламенттің заң шығару билігіне қатысты болады, – деді Бейсенбаев.

Депутаттың айтуынша, алдағы өзгерістер тек парламенттік реформамен байланысты және ол қазіргі уақытта тіл мәселесін көтерудің қажеті жоқ деп есептейді.

– Қазақстанда шешуді қажет ететін мәселе көп. Оның ішінде, қоғамды демократияландыру, қоғамдық пікірді жүзеге асыру, бюджет мәселелері бар. Қазір тіл мәселесін қозғаудың да, оны саясиландырудың да қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазақстанда басқа мәселе жоқ па? Бар. Көп тіл білсек, қазақ халқының мәртебесі төмендемейді. Қазіргі жастардың, “зумерлердің”, 50 пайыздан астамы ағылшынша сөйлейді. Мысалы, менің балаларым ағылшынша еркін сөйлейді. Кейде өзара біз түсінбес үшін ағылшынша сөйлесіп кетеді, – деді ол.

Бейсенбаевтың айтуынша, жұмыс тобы енді ғана жұмысын бастаған және түзетулердің нақты мәтіні әзірге дайын емес.

– Біз мынаны түсінуіміз керек: Сенат пен Мәжіліске қатысты барлық баптар қайта жазылады. Себебі жаңа парламент қалыптасады. Бұрын Сенат пен Мәжілістің өзара бөлінген бірқатар өкілеттіктері енді бірыңғай парламентке беріледі. Сондай-ақ сайлау жөніндегі конституциялық заң да өзгереді – барлығы 10 конституциялық заң жаңартылады. Мысалы, мажоритарлық жүйе жойылады: енді парламент тек партиялық тізім бойынша сайланатын болады, – деп түсіндірді депутат.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік реформа аясында Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізілетінін хабарлаған болатын. Жұмыс тобына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жетекшілік етеді. Оның құрамына 30 адам енді: депутаттар, заңгерлер, саясаттанушылар және қоғам қайраткерлері.

Сонымен қатар, президент парламентті реформалау - сенатты тарату деген сөз емес екенін айтқан еді