Қажылыққа бару қиындай ма - Сауд Арабиясының талаптары күшейді

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Сауд Арабиясы 2026 жылғы қажылыққа қатысты жаңа ереже енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Енді қажылық визасын алу үшін Nusuk платформасы арқылы берілетін медициналық анықтама қажет. Қажылыққа қатысы бар барлық министрліктер мен мекемелерге қажыларды мұқият медициналық тексеруден өткізу міндеттелді.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН АУРУЛАР ТІЗІМІ

  • диализді қажет ететін бүйрек жеткіліксіздігі
  • аз ғана физикалық жүктемеде байқалатын жүрек жеткіліксіздігі
  • оттегіні тұрақты немесе мезгіл-мезгіл қажет ететін созылмалы өкпе аурулары
  • бауыр жеткіліксіздігі белгілері бар бауыр циррозының ауыр сатысы
  • ауыр психикалық және неврологиялық бұзылыстар
  • егде жастағы деменция
  • жүктіліктің соңғы триместрі және жоғары қауіп-қатері бар кез келген жүктілік
  • белсенді жұқпалы аурулар (ашық түрдегі туберкулез, геморрагиялық қызба және т.б.)
  • химиотерапия немесе иммуносупрессивті ем қабылдап жатқан белсенді онкологиялық аурулар

«Медициналық тексеруден өтпей және тиісті анықтама алмай қажылық визасын алу мүмкін емес», — делінген хабарламада.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін Сауд Арабиясы Мекке мен Мединаға кіруге бақылауды күшейткен болатын. Бұл қасиетті қалаларға тек арнайы қажылық визасы бар адамдар ғана кіре алады.