Қазақстанда ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) кемінде 2026 жылдың шілдесіне дейін 25% деңгейінде қалады. Бұл шешім қаржы нарығындағы тұрақтылық пен банктер жүйесінің тепе-теңдігін сақтау мақсатында қабылданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Неге төмендету кейінге қалдырылды?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық займдар бойынша ЖТСМ-нің шекті мөлшерін 25%-дан 20%-ға дейін азайту нормасын уақытша тоқтатты. Бұл норма 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады.
Агенттіктің түсіндіруінше, бастапқыда 2025 жылдан бастап ипотекалық мөлшерлемені 20%-ға дейін төмендету жоспарланған. Алайда қазіргі экономикалық жағдайда мұндай шешім банктердің тұрақтылығына және ипотеканың қолжетімділігіне кері әсер етуі мүмкін.
Қазір Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі — 18%. Ол инфляцияны тежеу үшін жоғары деңгейде сақталып отыр. Осындай жағдайда ЖТСМ-ді 20%-ға дейін төмендету банктер үшін ипотеканы экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді. Бұл, өз кезегінде, ипотекалық бағдарламалардың қысқаруына әкелуі ықтимал.
Сондықтан ЖТСМ-нің қазіргі деңгейін 2026 жылдың ортасына дейін сақтау, реттеушінің пікірінше, ипотеканың қолжетімділігі мен банк секторының тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Жаңа есептеу формуласы дайындалып жатыр
Агенттік пен Ұлттық банк қазір ЖТСМ-нің жаңа әдістемесін әзірлеп жатыр. Ол несие тәуекелін дәлірек ескеруге бағытталған. Жаңа формула несие сомасының тұрғын үйдің нарықтық құнына қатынасын — LTV көрсеткішін (Loan-to-Value) есепке алады. Бұл тәсіл халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады және банк тәуекелін нақты бағалауға мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе арқылы азаматтардың қарыздық жүктемесін азайту, банк жүйесіндегі тәуекелдерді төмендету және ипотекалық өнімдердің тиімділігін арттыру көзделген.
Банктер жаңа ипотекалық бағдарламалар әзірлеуде
Екінші деңгейлі банктер қазіргі экономикалық жағдайға сай жаңа ипотекалық өнімдер дайындауға кіріскен. Сонымен қатар, Мәжілісте қаралып жатқан қаржы нарығын дамыту туралы заң жобасында барлық банктерге тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істеу құқығын беру ұсынылған. Бұған дейін мұндай модельді негізінен «Отбасы банк» қолданған. Егер заң қабылданса, ипотекалық нарықтағы бәсеке артып, банктердің несие өнімдері икемдірек болмақ.
Уақытша, бірақ маңызды шешім
Қаржы реттеушісінің мәліметінше, ЖТСМ-нің төмендеуін тоқтату туралы шешім — жаңа тәуекелге негізделген реттеу моделіне көшу кезеңі аяқталғанша жалғасады.
Контекст
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 1 қарашадан бастап ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін 25%-дан 20%-ға дейін төмендету жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.
Алайда жаңа шешім бұл жоспардың кейінге шегерілгенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, Ұлттық банк өз уәдесінен тайқып отыр. Ал, басқа несиелер бойынша шекті мөлшерлемелер өзгеріссіз қалды. Кепілсіз несиелер — 46%, Кепілмен қамтамасыз етілген несиелер — 35%.