Пәтерді ерте сатқандар табысының 10 пайызын мемлекетке береді

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz коллажы

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сату ережелері өзгереді. Егер азамат пәтерді, жер телімін немесе өзге де мүлікті екі жыл өтпей сатып, одан пайда тапса, ол жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуге міндетті болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қандай жағдайда салық төлейді? 

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің салық әдіснамасы басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аббасова түсіндірді.

- Бұрын мүлік бір жыл меншікте тұрса, салық салынбайтын. Енді бұл мерзім 2 жылға дейін ұзартылады. Егер жылжымайтын мүлік екі жылға жетпей сатылса және оның бағасы өскен болса, сол айырмадан 10% көлемінде ЖТС төленеді, – деді ол.

Ереже кімге қатысты?

Жаңа талаптар 2026 жылдан кейін сатып алынған мүлікке ғана қолданылады. Ал 2026 жылға дейін алынған пәтерлер мен басқа да нысандар үшін бұрынғыдай бір жылдық мерзім сақталады. Мысалы, егер азамат 2025 жылы пәтер сатып алып, 2026 жылы сатса, ол бір жылдан астам иелік еткен болып есептеледі және ЖТС төлемейді.

Құрылысқа үлес қосқандар үшін — 3 жыл

Егер адам тұрғын үй құрылысына үлескер ретінде сатып алып, кейін оны қайта сатса, жаңа кодекске сәйкес, салықтан босатылу үшін бұл үлес кемінде 3 жыл иелікте болуы тиіс.

- Үлескер ретінде қатысу – дайын пәтер емес, құрылысқа инвестиция. Оның бағасы жыл сайын өседі, сондықтан мұндай табысқа да салық салу қажет. Осы себепті мерзім үш жыл болып бекітілді,– деді Аббасова.

Салық мөлшері және жаңа жүйе

ЖТС мөлшері сол күйі 10 пайыз болып қалады. Бірақ 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі енгізіледі, онда прогрессивті салық жүйесі қолданылады. Жылдық табыс 8 500 АЕК-ке дейін (2025 жылы шамамен 33,4 млн теңге) — 10%, осы сомадан жоғары табыс — 15% мөлшерінде салық салынады.

Қорытынды

2026 жылдан кейін сатып алынған жылжымайтын мүлікті екі жыл өтпей сатқан азаматтар пайда айырмасынан салық төлеуге тиіс болады. Бұл өзгеріс табысқа әділ салық салуды қамтамасыз етуге және пәтерлерді алып-сатарлық мақсатта сатуды азайтуға бағытталған.