АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы бәсеңдеп келеді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

АҚШ қаржы министрі Қытаймен тарифтік бітімнің ұзартылатынын және америкалық сояны ірі көлемде қайта сатып алу басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Келісімнің негізгі тармақтары

АҚШ пен Қытай Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің алдағы кездесуіне бірнеше күн қалғанда сауда келісімінің негізгі шарттары бойынша уағдаласты. Келіссөздер жексенбі күні Малайзияда өткен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (АСЕАН) саммитінің кулуарында өтті, деп хабарлайды The Guardian.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, жаңа келісім 1 қарашадан бастап Қытай импортына 100 пайыздық баж салығын енгізу қаупін жояды. Сондай-ақ мәміле құрамында TikTok-тың АҚШ-та сатылуына қатысты «қорытынды келісім» бар.

Қытай өз кезегінде истребительдерде, смартфондарда және электромобильдерде қолданылатын сирек кездесетін минералдарға экспорттық бақылауды бір жылға шегеруге ниетті.

Тараптардың ұстанымы

Қытайдың бас сауда келіссөздер өкілі Ли Чэнган екі тараптың «алдын ала келісімге келгенін» және енді ішкі мақұлдау рәсімдері жүргізілетінін хабарлады.

- АҚШ-тың ұстанымы қатаң болды. Біз өте қарқынды әрі сындарлы кеңес өткіздік, – деді Ли Чэнган.

Сауда соғысының тарихы

Еске салайық, сәуірде АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытайға қарсы жаңа сауда баждарын енгізетінін мәлімдеді. Ал 17 қазанда «Трамп баждары» Қытай тауарларының бағасын төмендетуі мүмкін екені белгілі болды.