Тележурналист Азамат Әбілқайыр алматылық музейге бойкот жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оған Almaty Museum of Arts музейінің мамандарының ана тілін білмеуі себеп болған.
- Күліп кіріп, жылап шықтым. Басқа тілде қарсы алады, басқа тілде шығарып салады. Қарапайым жол нұсқаудан да мақұрым! «Басшылықтың бәрі Ресейден келді, сырттың мамандары» деді. Сылтау! Иә, саланың білікті кадрларын тартқаны дұрыс. Алайда төл мәдениет туған тілінде сөйлеуі тиіс!, – дейді тележурналист.
Азамат Әбілқайыр шет елдердегі музейлерді мысалға келтірді.
- Мен Ататүріктің музейінде болдым. Бірақ түрік тілін білмейтін музей мамандарын көрмедім. «Эрмитажда орыс тілін білмейтін мамандар бар» немесе «Луврда французша білмейтін мамандар жүр» дегенді естіп пе едіңіз? Жоқ! Ал бұл - біздің елде қалыпты жағдай екен. Бейшаралық, сорақылық деген - осы!Күніне мыңдаған турист келетінін айтты. Бұл - мыңдаған шетелдікке күнде масқара болу деген сөз!, – дейді ол.
Тележурналист музейге бойкот жариялады.
- Қазақша білетін жастарды жұмысқа алайық деп едік. Бірақ қазақша білетін жастар мұндай биік мәдениеттен хабары жоқ деген бұл музейге бойкот!, – дейді Әбілқайыр.
Музей өкілдері әзірге бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеген.