Депутат: Қазақстанда пайыздық мөлшерлеме соғыс жүріп жатқан елдерден де жоғары

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын талқылау кезінде несие бойынша пайыздық мөлшерлемелерді қатаң сынға алды. Сонымен қатар, ол парламенттің жұмыс жүйесіне де сын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Пайыздық мөлшерлеме — халық үшін ауыр жүк»

Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы несие мөлшерлемелері тіпті соғыс жағдайындағы елдерден де жоғары.

- Бізде пайыздар соғыс болып жатқан елдерден де жоғары. Ресейде — 17%, Украинада — 15,5%. Әдетте біз Өзбекстан, Қырғызстаннан озып кеттік деп мақтанамыз. Ал несие бойынша ше? Өзбекстанда — 14%, Қырғызстанда — 10%. Ал біз тұтынушылық несиелерді зорға 50%-дан 46%-ға түсірдік. Әлемдік орташа деңгей шамамен 36%, — деді депутат.

Ринат Зайытов автонесиелерге де тоқталып, олардың «ұзақ мерзімді жеңіл несие» емес, шын мәнінде, халық үшін қымбат несие екенін атап өтті.

- Халық үстінен көп төлейді. Бұл – жеңілдетілген несие емес, нақты нағыз кредит, — деді ол.

«Біз сөзбен емес, іспен дәлелдеуіміз керек»

Депутат заң жобасының екінші оқылымында айтарлықтай өзгерістер боларына сенбейтінін айтты.

- Мен екінші оқылымда бұл жағдай өзгереді деп сенбеймін. Мемлекеттік органдар Мәжіліске келіп, 90 депутат “қолдаймыз” деп дауыс береді, сосын өзіміз кейін “мұнда қате кетті” деп айтамыз. Біз сөзбен айтқанда, іспен басқа әрекет етеміз, әріптестер, — деді Ринат Зайытов.