Қазақстанда несие мәселелері бойынша дауларды сотқа дейінгі тәртіпте шешу үшін бірыңғай қаржы омбудсмені институтын енгізу ұсынылды. Бұл бастама Мәжілісте қаралып жатқан «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасында көзделген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Неліктен бірыңғай омбудсмен қажет?
Депутаттар заң жобасын таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымовадан биыл енгізілген банк және микроқаржы омбудсмендері институттарының не себепті енді біріктіріліп жатқанын сұрады.
Әбілқасымованың айтуынша, көптеген қарыз алушылардың несиелері әртүрлі қаржы ұйымдарында — банктер мен микроқаржы компанияларында бар.
- Кейбір азаматтар бір мезетте банк пен микроқаржы ұйымына қарыз. Сәйкесінше, бір адам екі түрлі омбудсменге шағым түсіруге мәжбүр болады. Сондықтан біз бірыңғай қаржы омбудсмені қызметін құруды ұсынып отырмыз. Оның ішінде банктік, микроқаржылық және сақтандыру бағыттары жеке-жеке қаралады, — деді агенттік басшысы.
Қаржы омбудсмені не істейді?
Заң жобасына сәйкес, жаңа омбудсмен институты азаматтар мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды сотқа дейін реттеу тетігін қамтамасыз етеді. Ол несиелік шарттарды өзгерту, қарызды қайта құрылымдау, берешек бойынша дау және басқа да мәселелерді қарай алады.
Контекст
Еске салсақ, 2023 жылдың желтоқсанында Қазақстанда алғаш рет микроқаржы омбудсмені қызметі іске қосылған еді. Ол тек микроқаржы ұйымдарының клиенттерімен жұмыс істейтін. Кейіннен банктік омбудсменнің өкілеттігі кеңейтіліп, енді ол ипотекалық қарыздармен қатар тұтынушылық несиелерге қатысты дауларды да қарауға мүмкіндік алды.