Қазақстанда әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы докторанттардың диссертация қорғау көрсеткіші әлі де төмен. Мамандардың айтуынша, бұл — академиялық жазу мен зерттеу этикасы дағдыларының жеткіліксіз дамуы және халықаралық ғылыми ортаға кірудегі кедергілермен байланысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Осы мәселені шешу мақсатында Миннесота университетімен бірлескен зерттеу бастамасы қолға алынған. Бірлескен зерттеу нәтижесінде қазақстандық ғалымдарға институционалдық қолдау мен әдіснамалық дайындықты күшейтудің маңызы анықталды.
Миннесота университеті — әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Times Higher Education рейтингі бойынша 88-орында, ал QS World University Rankings by Subject 2025 дерегіне сәйкес «Білім беру және даярлық» саласында 53-орында тұр.
Ақтөбедегі Жұбанов университеті мен Миннесота университеті арасындағы ынтымақтастық бірнеше жыл бұрын басталған. Осы уақыт ішінде америкалық профессорлар қазақстандық оқытушыларға зерттеу дағдылары бойынша семинарлар өткізіп, бірқатар ғалымдар «Болашақ» бағдарламасы аясында тағылымдамадан өткен.
Жақында АҚШ-та өткен кездесуде тараптар жаңа кезеңге қадам жасап, бірлескен «Халықаралық зерттеу құзыреттіліктерін дамыту орталығын» ашу туралы келісімге келді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен іске асатын бұл орталық қазақстандық оқытушылар мен зерттеушілерге арналған болады. Негізгі мақсат — магистранттар мен докторанттарға сабақ беретін профессорлардың халықаралық зерттеу дағдыларын арттыру және әлемдік ғылыми ортаға интеграциясын күшейту.