Қазақстанда тағы бір ұлттық компания пайда болуы мүмкін. Ұлттық оператор радиоактивті қалдықтарды есепке алу және көму үшін жауапты болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қазақстанда «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заңды қабылдайтын уақыт келгенін атап өтті. Бұл заң жобасын депутаттар екі жыл бұрын әзірлеген, бірақ содан бері мәселе одан әрі өзекті бола түсті.
– Бүгінде Қазақстан аумағында иондаушы сәуле көздері ядролық энергетикада, ғылымда, медицинада, мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Соның нәтижесінде радиоактивті қалдықтардың түрлі түрлері пайда болады. Бұдан бөлек, елде «тарихи» радиоактивті қалдықтар мәселесі толық шешілмеген. Олардың кейбірін еске салайын: бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны, бұрынғы «Азгир» полигоны, «Қошқар-Ата» қалдық қоймасы (Ақтау қаласы), бұрынғы уран кеніштері, – деді Еділ Жаңбыршин.
Заң аясында осы қызметке жауапты болатын ұлттық оператор құру жоспарланып отыр.
– Халықаралық тәжірибе ұлттық оператордың болуы радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуде қауіпсіз, ашық және экономикалық тиімді тізбекті қамтамасыз ететінін дәлелдейді. Бұл функциялардың бөлініп кетуін болдырмайды, бірыңғай қауіпсіздік стандартын қамтамасыз етеді және радиоактивті қалдықтармен жұмыс жүргізу жауапкершілігін келешек ұрпаққа ысырудың алдын алады, – дейді Жаңбыршин.
ОПЕРАТОР НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ
Ұлттық операторға жүктелетін функциялардың ішінде: барлық қалдық түзуші кәсіпорындардан радиоактивті қалдықтарды жинауды, тасымалдауды және өңдеуді ұйымдастыру; радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған объектілерді жобалау, салу, пайдалану және қызмет көрсету; радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз орналастыру үшін қайта өңдеу және жағдайға келтіру жұмыстарын жүргізу; радиоактивті қалдықтардың бірыңғай тізілімін жүргізу және барлық түрі бойынша есеп дайындау; радиоактивті қалдықтармен жұмысқа қатысты мемлекеттік және халықаралық бағдарламаларға қатысу; көму объектілеріне ұзақ мерзімді мониторинг жүргізу және бақылау.
– Осылайша, ұлттық оператор елдің ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі буынға айналады және радиоактивті қалдықтарды басқару мен оларды түпкілікті көму бойынша толық әрі кешенді жауапкершілікті өзіне алады, – деді Еділ Жаңбыршин.