Дәрігерлердің ең төменгі жалақысы қанша

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов әлеуметтік желіде патологоанатом маманның төмен жалақыға қатысты шағымына пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сұраққа жауап берген Мұратов Қазақстанда дәрігерлердің жалақысы аз екенін мойындады.

«Клиникалық медицина — әлемдегі ең жоғары жалақы төленетін салалардың бірі. Бірақ елдегі қазіргі экономикалық жағдайды ескеруіміз керек. Өкінішке қарай, дәрігерлерге қазіргі деңгейден артық қамтамасыз ете алмай отырмыз», — деді ол Үкіметтегі брифинг барысында.

Сонымен қатар, ол ауруханалар мен емханалардың шаруашылық жүргізу құқығына ие екенін, әрі кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлеміне кірмейтін және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен өтелмейтін ақылы қызметтер арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндігі бар екенін еске салды.

«Мысалы, сервис қызметтері — босанатын әйелдер өздеріне нақты дәрігер немесе акушерді таңдағысы келгенде. Бұл қаражат ауруханаға қалмайды, қызметкерлерге сараланған төлем немесе сыйақы қор ретінде беріледі», — деп түсіндірді ол.

Мұратовтың айтуынша, дәрігерлердің жалақысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тікелей байланысты. «Жұмыс берушілер мен қызметкерлердің жарнасы жоғары елдерде, мысалы, Оңтүстік Кореяда, дәрігерлердің жалақысы да әлдеқайда жоғары», — деді ол.

Вице-министрдің мәліметінше, Қазақстандағы дәрігерлердің медиандық жалақысы шамамен 400 мың теңгені құрайды. Осыған ұқсас соманы жуырда Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да атаған. Ал бұрынғы министр Ажар Ғиният 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы 550 мың теңгеге жетіп, елдегі орташа жалақыдан 2,5 есе жоғары болады деп мәлімдеген еді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Денсаулық сақтау министрлігі мен «СК-Фармацияда» медицина саласындағы топ-менеджерлер мен қатардағы қызметкерлердің жалақысындағы айырмашылыққа қатысты түсініктеме берілген. 

«СК-Фармацияның» қаржылық есептілігіне қарағанда, ұлттық компанияның топ-менеджерлері жалақыларын жыл сайын индексациялауға сене алады. 2024 жылғы деректерге сәйкес, компанияның негізгі басқарушы құрамы 147,2 млн теңге табыс тапқан, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18,5 млн теңгеге көп. Бұған қоса, компанияның бұрынғы басшыларының бірі өзінің айлық жалақысы 1,4 млн теңге екенін айтқан еді. «СК-Фармацияның» қазіргі басшысы Нұрлыбек Асылбеков өзіне жалақы айтарлықтай көтерілмегенін жеткізді.