Астанада балалар ауруханаларында кезек күрт көбейген

Динара Жарқынбек
Видео кадры

Астананың №3 көпбейінді балалар ауруханасында ұзын кезектердің себебі ата-аналардың «өздігінен» бала ауруханасына келуімен байланысты екені белгілі болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аурухананың инфекционист-дәрігері Роза Өтегенова айтты.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Дәрігердің сөзінше, балалардың инфекциялық стационарларға жүгінуі қазан айынан бастап күрт көбейген. 

- Бұл жағдай әр жылы қайталанады. 70%-ы бес жасқа дейінгі балалар. Ата-аналар көбіне жұмыс күнінің соңында немесе демалыс күндері, ауруханадан бағыттама алмай, тікелей ауруханаға келеді, – дейді Өтегенова.

Ата-аналарды «алғашқы белгілерде дәрігерге жүгіну керек» деп ескерткенімен, нақты жүйелік шаралар мен қаладағы стационарлардың дайындығы туралы ашып айтылмады. Мамандар тек дәрігерлердің стационарға жатқызу бойынша берген бағыттамасымен ғана ауруханаға келу қажет екенін ескертті.

Санитариялық эпидемологиялық қадағалау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова қазіргі таңда Астанада 7 738 төсек орны бар екенін, қосымша 922 төсек орнын ашуға болатынын, ал резервте 1 409 төсек орны бар екенін хабарлады. Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан облысы, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында төсек орындардың 89–90%-ы толы.

Санэпидқадағалау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова кезектердің себебін «бос емес бокстардағы дезинфекциямен» байланыстырды. Яғни, пациенттер коридорда жатуы қалыпты көрініс деп түсіндірген. Алайда бұл жүйе әлсіздігінің айқын көрінісі іспетті. 

ШЫМКЕНТТЕГІ ЖАҒДАЙ

Шымкенттегі жағдай тіпті алаңдатады. Өткен айда әлеуметтік желіде әйелдер мен балалардың тікелей еденде жатқаны көрсетілген видеолар тараған. Жақында ғана Астана аураханаларында да ұзын-сонар кезек түсірілген видео тарады. Ауруханалардың осындай апатты жағдайға жетуі – тек ата-аналарды кінәлаумен шешілмейтін жүйелік проблема.

Жалпы министрлік бұл аурулардың «жаңа эпидемия емес, қарапайым маусымдық вирус» екенін айтты. Сондай ақ, стационарларда науқастарды орналастыру кезінде инфекциялық қауіпсіздік шаралары жүргізілетіні сөз болды. Атап айтқанда, пациент шығарылғаннан кейін бокстар мен палаталар дезинфекцияланып, кемінде бір сағатқа дейін науқастар орналастырылмайды.