Киев қаласының мэрі Виталий Кличко Украина армиясында сарбаздар жетіспейтінін айтып, шақыру жасын 1–2 жылға төмендету қажет екенін мәлімдеді. Қазір елде әскерге шақыру 25 жастан басталады, ал Кличко бұл шекті 22–23 жасқа дейін түсіруді ұсынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КЛИЧКО: ЖАСТАРДЫҢ ЕЛГЕ ҚАЙТУЫНА ҮМІТ БАР
12 қарашада Axel Springer Global Reporters Network желісіне берген сұхбатында Кличко Украина Қарулы күштерінде адам ресурсы тапшылығы бар екенін, ал Ресей соғысқа барған сайын көбірек жастарды жіберіп жатқанын айтты. Ол сондай-ақ Украинадан кеткен жастардың көптігіне алаңдаушылық білдірді. «Соғыс аяқталған соң, сол жастардың кем дегенде жартысы елге оралса, Украина қуана қабылдайды», – деді Кличко. Оның айтуынша, жастар шетелде тез бейімделіп, тіл үйреніп, отбасын құрып жатыр.
23 ЖАСТАН КІШІ ЕР АДАМДАРҒА ШЕТКЕ ШЫҒУҒА РҰҚСАТ БЕРІЛГЕН
Тамыз айында Киев билігі 23 жасқа дейінгі ер азаматтарға елден шығуға рұқсат берген. Бұл шешім Еуропа елдеріне украиналық босқындардың жаңа толқынына себеп болды. Ал 24–60 жас аралығындағы ерлерге елден шығуға тек ерекше жағдайларда ғана рұқсат етіледі.