Тұмау күшейіп барады- қостанайлықтар қашықтан оқып жатыр

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Қостанай облысында 74 сынып онлайн оқуға көшті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қостанай ауданының төрт мектебінде тұмау мен ЖРВИ-мен ауыратын оқушылар санының артуына байланысты 74 сынып қашықтан оқуға ауыстырылды.

– Сыныптар бойынша ауырған балалардың жалпы үлесі 30 пайыздан асты. Осыған байланысты оларды карантинге жіберу туралы бұйрықтар шығарылды. Қалған сыныптар дәстүрлі форматта оқып жатыр, бірақ пәндік кабинеттерге бармай, бір кабинетте ғана білім алуда. Алайда, ертеңге дейін онлайнға көшкен сыныптар мен мектептер саны артуы мүмкін, – деді Қостанай ауданы білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Айгүл Хасанова.

Әлеуметтік желілерде Қостанайдағы ата-аналар балалар арасында сырқаттану күрт артқанын айтып, оқуды онлайн форматқа көшіруді сұрап жатыр. Қалада науқастар саны артқан сайын жедел жәрдем шақырулар да көбейген – тұрғындар әдеттегіден екі есе жиі хабарласуда.

Жүктемені азайту үшін облыстық жедел жәрдем орталығында дәрігерлердің жұмысы күшейтілді. Бұрын 18 жедел жәрдем бригадасы кезекшілік атқарса, қазір олардың саны 20-ға жетті, алдағы уақытта тағы екі бригада қосылмақ.

РЕСМИ МӘЛІМЕТ

Соңғы аптада Қостанай облысында ЖРВИ-дің 5545 жағдайы тіркелген. Бұл – өткен аптамен салыстырғанда 1,3 пайызға көп. Ауырғандардың 55,1 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар (3053 жағдай). 1 жасқа дейінгі балалар арасында – 54 жағдай, жүкті әйелдер арасында – 12 жағдай тіркелген.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазақстанда Гонконг тұмауының таралуы күшейіп жатқаны хабарланған. Астаналықтар бұрын-соңды болмаған ауыр суық тию белгілеріне шағымданып жатыр. Олардың айтуынша, балалар да, ересектер де жаппай ауырып жатыр.