Лакшми Миттал Ұлыбританиядан "қашты"

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Бұрын «ArcelorMittal Теміртау» кәсіпорнына иелік еткен үнді кәсіпкер Лакшми Миттал Ұлыбританиядан көшіп кетуге шешім қабылдады. The Sunday Times мәліметінше, бұған елдегі ауқатты тұрғындарға қатысты лейбористер енгізіп жатқан жаңа салық саясаты себеп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

75 жастағы Митталдың байлығы £15,4 млрд деп бағаланады. Ол 1995 жылдан бері жұбайы және балаларымен бірге Лондонда тұрады. Миттал Kensington Palace Gardens көшесіндегі қымбат үйлердің иесі ретінде, қайырымдылық жобаларымен және бір кездері Тони Блэр мен Гордон Браун үкіметтеріне көрсеткен қолдауымен танымал.

Басылым мәліметінше, оның елден кетуіне әсер еткен басты себеп — үкіметтің «non-dom» деп аталатын режимді алып тастау туралы шешімі. Бұл жүйе екі ғасырдан астам уақыт бойы шетел азаматтарына Ұлыбританияда тек ел ішінде тапқан табысына ғана салық төлеуге мүмкіндік беріп келген. Митталдың кеңесшілері кәсіпкерді табыс салығы емес, Ұлыбританиядағы жоғары көлемдегі мұра салығы алаңдатқанын айтады.

ДУБАЙДАҒЫ ӨМІР

Қазіргі таңда ол Швейцарияда салық төлеуші ретінде тіркелген. Алайда алдағы уақытта уақытын көбіне Дубайда өткізуді жоспарлап отыр. Онда оның жеке вилласы және Наия аралында бірнеше жылжымайтын мүлкі бар.

КОНТЕКСТ

Еске салсақ, Миттал бір кездері «АрселорМиттал Теміртауға» иелік еткен. 2023 жылдың тамызында Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның инвестициялық міндеттемелерін жүйелі түрде орындамағанын айтқан болатын. Ал сол жылдың қазан айында 46 кенші қаза тапқан жарылыстан кейін президент компаниямен ынтымақтастықты толығымен тоқтатуды тапсырды.

Ол кезде үкімет компанияның Теміртаудан кетуі жөнінде келіссөз жүргізіп жатқан. Бұл процесс 2022 жылы Ленин атындағы шахтада болған қайғылы оқиғадан соң басталған еді. Компания кеткеннен кейін Қазақстанда мердігерлерге қалдырған 300 млн доллар қарыз, ақшасы алдын ала төленген 70 мың тонна болатқа қатысты орындалмаған міндеттемелер, жоғалып кеткен 46 мың тонна металл сынығы, тоқтап тұрған бес шахта және шикізат тапшылығы сынды мәселелер қалып отыр.