Аутизмді баланың ата-анасының "күнәсімен" байланыстырған астаналық блогер ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Қазақстандық блогер Гүлнара (gulnara.blogger) ерекше балаларға қатысты видеосы арқылы дау тудырды. Бейнежазбада ол балалардың мүгедектігін ата-аналардың «күнәларымен» байланыстырып, аутизм мен онкологиялық ауруларды «табиғаттың жазасы» деп сипаттаған. Блогер бұл пікірлерін бейәдеп сөздермен жеткізген.
- Балалар мүгедек болып туады. Неге аутизм көп, ішектің өтуі қиын болады? Әлемде әр екінші бала ауырып туады. Біздің әрекеттеріміздің жазасы аурулар арқылы келеді. Бұл – табиғат, Жоғары күш, рухани заң, – деп айтқан еді ол.
Оның псевдомедициналық және діни сипаттағы мәлімдемелері ерекше балалардың ата-аналары мен желі қолданушыларынан қатаң сынға ұшырады. Кейбір қазақстандықтар блогерді жауапкершілікке тартуды талап етті.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Астана қаласының полиция департаментінің мәліметінше, ерекше балалардың ата-аналарына қатысты бейәдеп әрі қорлайтын пікірлер айтылған блогердің видеожазбасын интернетке тарату фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Блогер ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша материалдар жиналып, сотқа шешім қабылдау үшін жолданады.