Үндістанның Гоа штатында түнгі клубта шыққан өрт салдарынан кем дегенде 23 адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қайғылы оқиға Солтүстік Гоа округінің Арпора ауылында орналасқан клубта түн ортасында болған. Press Trust of India мәліметінше, қаза болғандардың арасында шетелдік туристер де бар. Штаттың бас министрі Прамод Саванттың айтуынша, көпшілігі – клубтың ас үй қызметкерлері. Ол сондай-ақ қаза болғандардың ішінде «үш-төрт турист» болғанын айтты.
ТЕРГЕУ
Савант оқиға орнына өзі барды және өрттің себептерін анықтау үшін тергеу жүргізуді тапсырды. Министр кінәлілердің бәрі заң алдында жауапқа тартылатынын айтты. Алдын ала мәлімет бойынша, үш адам күйіп қалып, қалғаны түтіннен уланып қаза тапқан.
Жергілікті БАҚ пен полицияның мәліметінше, өрттің шығуына газ баллонының жарылуы себеп болуы мүмкін, алайда нақты қорытынды тергеу кезінде анықталады.
АНЫҚТАМА
Гоа – Үндістандағы ең танымал курорттардың бірі, жыл сайын миллиондаған туристер барады.
Елде өрт жиі тіркеледі, себебі құрылыс және өрт қауіпсіздігі ережелері сақтала бермейді. Биыл мамырда Хайдарабадта үш қабатты ғимараттағы өрт кезінде кемінде 17 адам опат болды.