Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Жаңа жылды компания қалай атап өтетінін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Корпоратив болмайды
Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысына арналған форум аясында «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры ұлттық компанияда дәстүрлі корпоративтік кеш өткізілмейтінін мәлімдеді.
– Біздің қызметкерлер Жаңа жылды үйде, отбасымен қарсы алады. Бізде жыл сайын жыл қорытындысын шығарып, алдағы 2026 жылға арналған жоспарлар мен міндеттерді талқылайтын дәстүр бар, – деп түсіндірді Ғибрат Ауғанов.
Дастарқанның орнына – тілек шыршасы
Оның айтуынша, қорда тағы бір игі дәстүр қалыптасқан. Бас кеңсенің фойесінде жыл сайын «Тілек шыршасы» орнатылады.
– Аз қамтылған отбасылардың балалары Аяз атаға хат жазады, біз сол тілектерді орындауға тырысамыз. Сонымен қатар, қызметкерлер өз еркімен қаражат жинап, мұқтаж жандарға арналған сыйлықтар үшін жергілікті атқарушы органдарға табыстайтын жақсы дәстүріміз бар, – деді ол.