БАҚ: Ресей мен АҚШ Украинаның қатысуынсыз ЗАЭС-ті басқару мәселесін талқылап жатыр

Ulysmedia
Фото: Andrey Borodulin/AFP

Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің ірі бизнес өкілдерімен өткен жабық кездесуде Мәскеу мен Вашингтон Запорожье атом электр станциясын (ЗАЭС) Украинаның қатысуынсыз басқару мәселесін талқылап жатқанын айтқан. Бұл туралы 25 желтоқсан, бейсенбі күні «Коммерсант» газеті сол кездесуге қатысқан өз тілшісіне сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Басылым мәліметінше, Путин АҚШ тарапы ЗАЭС аумағында криптовалюта өндіру (майнинг) мүмкіндігіне де қызығушылық танытып отырғанын жеткізген. Сондай-ақ Кремль басшысының айтуынша, АҚШ-тың бастамасымен тараптар Украинаға электр энергиясын жеткізу нұсқаларын да қарастырып жатыр. Путиннің сөзінше, қазір станцияда украиналық мамандар жұмыс істеп жүр, алайда олардың Ресей төлқұжаты бар.

Бұған дейін, бір күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский Киев пен Вашингтон келіскен «базалық» бейбіт жоспарды жариялаған. Аталған жоспардың бір тармағында ЗАЭС-ті Украина, АҚШ және Ресейдің бірлесіп пайдалану мәселесі қамтылған. Зеленскийдің айтуынша, Украина Ресеймен тікелей іскерлік байланыс орнатуға ниетті емес, сондықтан бұл тармақ әзірге келісуді қажет етеді.

ЗАЭС

Еуропадағы ең ірі атом электр станциясы саналатын Запорожье АЭС-і алты энергоблоктан тұрады, олардың жалпы қуаты 6000 МВт. Станция Энергодар қаласының маңында, суы тартылған Каховка су қоймасының оңтүстік жағалауында орналасқан. Ресей Запорожье атом электр станциясын 2022 жылғы наурызда, кең ауқымды соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай басып алып, оны «Росэнергоатом» АҚ-ның басқаруына берген.

Қазіргі таңда ЗАЭС-тегі барлық реакторлар тоқтатылғанымен, оларды тұрақты түрде салқындатып отыру қажет. Салқындату жүйесіне электр энергиясы сыртқы желіден беріледі. Ал электр қуаты өшкен жағдайда станцияны дизельді генераторлар қамтамасыз етеді.