Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен жақын күндері кездесуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
«Жаңа жылға дейін көп мәселе шешілуі ықтимал. Украина жасасын!» — деп жазды Зеленский.
Kyiv Post басылымының хабарлауынша, Украина басшысы таяу уақытта келіссөздер үшін АҚШ-тың Флорида штатына бармақ. Басылым дереккөздерінің айтуынша, егер жоспарланғандай өтсе, кездесу 28 желтоқсанда өтуі мүмкін.
Алайда АҚШ тарапы әзірге бұл кездесуге қатысты ресми ақпарат жариялаған жоқ.
Контекст
Бұған дейін Майамиде Украина, Еуропа елдері мен АҚШ өкілдерінің қатысуымен бірнеше келіссөз өткен. Сол талқылаулардың нәтижесінде Киев пен оның еуропалық серіктестері 20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын әзірлеген. Зеленский бұл жоспардың негізгі тұстарын бұған дейін көпшілікке таныстырған болатын.
Сонымен қатар Кремльге жақын дереккөздерге сүйенген Bloomberg агенттігі Мәскеудің осы бейбітшілік жоспарына өзгерістер енгізуге тырысып жатқанын жазды. Агенттік мәліметінше, Ресей НАТО-ның шығысқа қарай кеңеймейтініне және Украинаның Еуроодаққа мүше болған жағдайда бейтарап мәртебесін сақтайтынына қатысты кепілдіктер алуды көздейді.