Ресей әуежайында 74 жастағы қазақстандық екі полицейді соққыға жықты

Сырым Қаржас
gov.kz

Ресейде 74 жастағы Қазақстан азаматы полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Орынбор облысының Орынбор аудандық соты әуежай ғимаратында екі құқық қорғау органының өкіліне күш қолданды деп айыпталған Қазақстан азаматын қамауға алу туралы шешім шығарды.

Іс материалдарына сәйкес, 74 жастағы зейнеткер әйел Қазақстаннан Ресейге қызына бару үшін келген. Ол шекараны автокөлікпен кесіп өтіп, әрі қарай ұшақпен жетуді жоспарлаған. Қол жүгін тексеру кезінде 5 литрлік май құтысын алып өтпек болған.

Жүк тасымалдау ережелері түсіндірілген сәтте әйел ашуланып, нәтижесінде екі құқық қорғау қызметкерін соққыға жыққан.

Бұлтартпау шарасын таңдау үшін сотқа жеткізілген кезде әйел өз кінәсін мойындамай, мұндай әрекетке бармағанын айтқан.

Ұсталған азаматшаның жасы ескеріліп, сот бастапқыда өтінішті кейінге қалдырып, туыстарына кепіл немесе үйқамақ түріндегі балама бұлтартпау шарасын қамтамасыз ету мүмкіндігін берген.

ҚАМАУ

Сондай-ақ жиналған деректер мен зейнеткердің Ресей аумағынан дереу кетуге талпынуы мүмкін екені туралы жедел ақпаратты ескере отырып, сот оған қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.